Басты жаңалықтарСаясат

Қазақстан ИЫҰ-ның 15-ші саммитіне қатысты

Гамбияда өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) 15-ші саммитінің жұмысына ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев бастаған қазақстандық делегация қатысты.

Іс-шараға қатысушылар халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін, оның ішінде Таяу Шығыс процесіне жәрдемдесу және ИЫҰ кеңістігінде орнықты дамуды қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Қазақстандық делегация басшысы өз сөзінде мұсылман үмбетінің бірқатар елдерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне Ұйымның белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті. Ол ғылым мен технология саласындағы жетекші 15 мұсылман елін біріктіретін «ИЫҰ-15» тобын құру жөніндегі қазақстандық бастаманың өзектілігін, сондай-ақ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы рөлінің артып отырғандығын атап өтті. Қазақстанның Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттігін құру жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды.

Саммит аясында Ә. Бақаевтың Гамбия, Камерун, Кот-Д’Ивуар, Габон, Того, Сенегал және Буркина-Фасо сыртқы істер министрлерімен кездесулері өтті. Олардың барысында екіжақты қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды.

Іс-шара қорытындысы бойынша Банжул декларациясы және қазақстандық бастамалар көрініс тапқан Қорытынды коммюнике қабылданды.

Ислам ынтымақтастығы ұйымы (2011 жылға дейін – Ислам Конференциясы Ұйымы) 1969 жылы құрылған. ИЫҰ Бас хатшылығы Жидда қаласында орналасқан (Сауд Арабиясы Корольдігі).

Қазіргі уақытта жалпы халқы 1,7 млрд-тан асатын 57 мүше мемлекет ИЫҰ мүшесі. Ол БҰҰ-дан кейінгі екінші ірі халықаралық ұйым болып табылады. Қазақстан 1995 жылғы желтоқсанда Ұйымға мүше болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button