Қоғам

А. Сәтқалиев: ауыл тұрғындарына дизель отынын жөнелту тұрақты бақылауда

Үкімет отырысы барысында ҚР энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев көктемгі егіс жұмыстарына дайындық шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесі жөнінде баяндама жасады.

Министрдің мәліметінше, биылғы 22 қаңтарда Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері 2024 жылғы 1 ақпан мен 30 маусым аралығында «Көктемгі егіс жұмыстарына 340,3 мың тонна дизель отынын жеткізу бойынша график» бекіткен. 4 сәуірде Ауыл шаруашылығы министрлігі қосымша 36 мың тонна дизель отынына қажеттілік ұсынды. 5 сәуірде Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері 36 мың тонна жеткізу графигін бекітті.

«Өткен жылдан бері баға өзгерген жоқ – 20 өңірдің барлығында қосылған құн салығымен литріне 250 теңге. Бұл Автожанармай құю станцияларындағы бөлшек сауда бағасынан 45 теңгеге арзан немесе 15%-ға төмен», — деді А. Сәтқалиев.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отыны қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданды:

  • ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған дизель отыны үшін жеке ПИН-кодтар алынды;
  • дизель отыны сары, көк және қызыл түске боялды;
  • ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің операторлары электрондық жүйеде жеке виртуалды қойма құрды.

Жөнелту қатаң түрде облыстардың әкімдіктері айқындайтын оператор-компаниялардың өтінімдеріне сәйкес жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының жалпы қажеттілігі 376,3 мың тоннаны құрайды, оның 194,24 мың тоннасы немесе 52%-ы жөнелтілді, оның ішінде:

— негізгі көлемнің 194,24 мың тоннасы немесе 57%-ы;

— қосымша көлемді жеткізу басталған жоқ.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер атына тиеп-жөнелту басым негізде жүзеге асырылады және тұрақты бақылауда болады. Қосымша дизель отынын жеткізгенге дейін аймақ ішінде көлемдерді қайта бөлуге болады. Күзгі дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынын жеткізу графигін ағымдағы жылғы маусым айында бекіту жоспарлануда.

Back to top button